- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жамбыл облысында жүргізуші...
Жамбыл облысында жүргізуші 101 мәрте жол ережесін бұзған
Жамбылдық полицейлер көлiкке жалған нөмір орнатып, терезесін қараңғылаған, сондай-ақ 101 рет жол ережесін бұзып, 1 миллион теңгеге жуық айыппұл арқалаған жүргізушіні ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ПД әкімшілік полиция қызметкерлері бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеудің аппараттық-бағдарламалық кешендерінен түсетін жол қозғалысы ережелерін бұзу деректеріне қатысты нұсқамаларды тексеру барысында Toyota Camry автокөлікті анықтады.
Жүргізуші көлікке жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін орнатып, өзінің жазасыздығын сезініп, күн сайын жол қозғалысы ережелерін бұзған. Нәтижесінде оның 907 мың теңге көлеміндегі 101 төленбеген айыппұлы бар екендігі белгілі болды.
Іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жедел басқару орталығының қызметкерлері Тараз қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонымен бірлесіп, бейнебақылау камералары арқылы аталған автомашинаны анықтады. Көлікті іздестіруде оның ерекше белгілері көмектесті: көлікке қойылған қараңғыланған әйнек, қара түсті Toyota белгісі, істен шыққан фара және ерекше суреті бар дөңгелек дискілер.
6 маусым күні сағат 02:19-да Жамбыл даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында тәртіп сақшылары 32 жастағы жол қозғалысы ережелерін бұзушыны тоқтатты, автокөліктің жүксалғышын тексеру барысында айыппұлдан құтылу мақсатында пайдаланған жалған көлік нөмірлері табылды.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 230-бабының 2-бөлігі, 590-баптың 3,4,5- бөліктері (Міндетті сақтандыру шартын жасаспау, көлік құралында көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін орнату, техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сай келмейтін көлік құралдарын басқару, сондай-ақ ақаулар болған кезде көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын жағдайлар) бойынша тағы 4 әкімшілік хаттама толтырылды.
Жүргізуші өз кінәсін толық мойындап, барлық айыппұлдарды төлеуге және алдағы уақытта жол қозғалысы ережелерін бұзбауға уәде берді. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Соттың шешімі бойынша жүргізушіге қатысты әкімшілік қамауға алу және көлік құралын басқару құқығынан 1 жылға айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан