Жамбыл облысында жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан патрульдік полиция батальонының инспекторы Ғалым Арыстанбаев туған үш ұлынан бөлек, жетімдер үйінен 8 баланы асырап алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Үш ұлының артынан қыз сүйгісі келген Ғалекең балалар үйінен бір қыз бала асырап алмақ болған ғой. Сол ниетпен балалар үйінен бір қыз баланы алып жатса, бір анадан туғандай тату-тәтті тұратын бөбектер оны қимай, жылап-еңіреп, етегіне жабысыпты. Оны көрген Ғалым ағамыз бұларды бір-бірінен айырмайық деп, сегізін бірдей асырап алыпты. Балалардың ұлттары да әртүрлі: әзербайжан, өзбек, орыс, қытай. Бірақ олардың барлығы да қазақ тілінде сөйлеп, қазақ мектебінде білім алады.
Жары Әлия - педагог маман, алайда үйде балалардың тәрбиесімен айналысады. 5 ұл мен 6 қыздан құралған 11 балалы Арыстанбаевтар отбасы облыстық "Мерейлі отбасы" конкурсының жеңімпазы атанып, республикалық байқаудың финалисі болған. Сонымен қатар полиция инспекторы "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпаздары қатарына енген", - дейді Facebook қолданушысы Ербол Жанатұлы.
Жамбылдықтар жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан полицейлерді соңғы сапарға шығарып салды
Еске салайық, 17 тамызда сағат 01:00 шамасында "Меркі - Шу - Бурылбайтал" республикалық маңызы бар автожолының 40-шақырымында ауыр жол-көлік оқиғасы болды. 25 жастағы Тойота Альфард автокөлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Шкода Октавия патрульдік полиция көлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүрген қызметтік көліктегі екі патрульдік полиция қызметкері қаза тапты. Қайтыс болған полиция қызметкерлерінің бірі 11 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы әке.
Тойота Альфард көлігінде 8 жолаушы болған. Олардың төртеуі сол жерде қаза болып, үш жолаушы мен жүргізуші әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен аудандық орталық ауруханаға жатқызылды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қайғылы оқиғада қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз. Полиция мұқият тергеу жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!