Жамбыл облысында ауыр қылмысты жасыру дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиғаның мән-жайы
Байзақ ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасарына қатысты ҚК-нің 433-бабының 2-бөлігімен ауыр санаттағы қылмысты қасақана жасырды деген күдікпен соталды тергеп-тексеру басталды.
"Ол 10 700 000 теңге қаражатты жымқыруға қатысты арызды соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркемеген. Жиналған дәлелдер жиынтығымен күдіктінің іс-әрекеті ҚК-нің 433-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен сараланды (ауыр қылмысты адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасыру)", - деп жазылған хабарламада.
Күдікті полиция қызметкері ҚПК-нің 128-131-баптарының тәртібімен ұсталып, оған сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Соталды тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Қандай жаза төніп тұр?
Бас прокуратура ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпаратты жарияламады. Дегенмен қылмысты есептен жасыру үшін 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделгенін ескертті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова