Жамбыл облысында жедел жәрдем дәрігеріне оқ тиген. Алдын ала мәлімет бойынша травматикалық тапаншадан оқ атылған. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады. Зардап шеккен адамға ота жасалған, оның жағдайы тұрақты.
"Науқасқа шұғыл ота жасалып, екі сантиметр тереңдікке кірген оқ алып тасталды. Қазір зардап шеккен адамның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ. Науқас бақылау палатасында", – деді басқарма өкілдері.
Полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
"Тергеу және жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады", – деп толықтырды полиция.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова