- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жамбыл облысында жайылым...
Жамбыл облысында жайылым жері басқа мақсаттарда пайдалануға берілген
Жамбыл облысында жайылым мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Өңір әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновтан жайылым жер тарылуына не себеп болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство өкілінің айтуынша, жайылым жер әлі де жетіспейді.
"Ауылдардағы ортақ жайылым жерлердің бірқатар бөлігі басқа мақсатқа, тұрғын үй немесе кәсіпкерлік нысандарын салуға, егістік жері ретіндепайдалануға беріліп кеткен. Елді мекендерде 683 мың гектар жайылым жері жетіспейді. Оны қайтару үшін елді мекендер аумағына 5 шақырым радиуста жақын орналасқан 199,6 мың гектарды қайтадан жайылым ретінде рәсімдедік. Мәселені шешуді 5 бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз", - деді басқарма басшысы.
Жамбыл облысындағы ауылшаруашылық мақсатындағы жердің жалпы аумағы - 4675,8 мың гектар. Екі жыл бұрын 227,5 мың, былтыр 170,0 мың гектар жер ауылдық округтерге жайылым ретінде берілген.
"Жер кодексінің 36-бабына сәйкес ауылдық округ теңгеріміне бос жерлер санатындағы жайылым жерлер елді мекенге қайта берілуі керек. Жергілікті атқарушы органдар да жайылым жайын шешу үшін орман қорындағы 1,08 миллион гектар жайылымға 242,9 мың малды жаюға рұқсат берді. Күзде шаруалар егістіктегі өнімдерін жинап алған соң ол жерге кедергісіз мал жаю үшін шаруа қожалық басшыларымен келісім жасалды. 486,5 мың гектар жерге мал жаю үшін 2071 шаруа қожалық пен меморандум жасалды", - деп түсіндірді Көпбосынов.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, кейбір шаруа қожалық басшылары жайылым жерлерін қоршап алған. Сондықтан олар амалсыз кезекке қосқан малын орман қоры жеріне өргізеді екен.
Айта кетейік, былтыр қашықтан зондтау ғарыш жүйесі арқылы 415,8 мың гектар жер игерілмегені анықталған. Арнайы зерделеу жүргізіліп, 129,5 мың гектарға төрт түліктің өрісі үшін жайылым ретінде бекітіліп берілген еді.
"Биыл да игерілмеген 254,7 мың гектар жер барын анықтадық. Оның 103,5 мың гектарын қайтаруға нұсқама берілді. Биыл 200,0 мың гектар жайылым жерін қайтаруымыз керек. 2021 жылдан бері елді мекен жайылымы 363,0 мың гектардан 741,0 мың гектарға дейін ұлғайған", - дейді басқарма басшысы.
Еске салайық, бұған дейін судан тарыққан Жамбыл облысының шаруалары төтенше жағдай енгізуді сұраған еді.
А. Сырымбет
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz