Жамбыл облысында кәмелетке толмаған жасөспірімді өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша үш адамға сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Былтыр сәуірде Жамбыл ауданы Тастөбе ауылында 9-сынып оқушысы өз үйінің ауласындағы сарайда асылып, өз-өзіне қол жұмсаған.
Кейін бұл дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 105-бабы 3-бөлігі (Өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу) бойынша соталды тергеп-тексеру басталған. Тергеп-тексеру нәтижесінде осы ауылдың 22 жастағы тұрғыны, сондай-ақ, 10-11-сыныптың екі оқушысы күдікті ретінде танылған.
Тергеу барысында 7-11-сынып оқушылары арасында "көше ұғымымен өмір сүру" тәртібі бар екені анықталып, бұл кей жағдайда жастар арасында қалыпты жайт ретінде қабылданатынын көрсеткен.
"Қайғылы оқиғаның себептері ретінде "үлкендер" тарапынан жүйелі түрде қорқыту, психологиялық қысым көрсету, еңбекке мәжбүрлеу деректері анықталды. Соңғы күндері кәмелетке толмаған жасөспірім жастар арасында "авторитет" ретінде танылған, бұған дейін айтылған адамның үйінде мәжбүрлі түрде құрылыс жұмыстарын атқарған", - деп жазылған Жамбыл облысы прокуратурасының хабарламасында.
Тергеп-тексеру нәтижесінде 2025 жылы 5 қыркүйекте қылмыстық іс сотқа жолданған.
Сот отырысы
Сот талқылауы барысында айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденген. Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 16 сәуірдегі үкімімен олар жасөспірімді өз-өзін өлтіруге дейін жеткізгені үшін кінәлі деп танылған.
Негізгі айыпталушыға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, оның кәмелетке толмаған екі сыбайласына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова