Жамбыл облысы Шу ауданында 25 жастағы жаңа босанған ана мен сәбиі қайтыс болды. Енді қалалық аурухана қызметкерлеріне қатысты тексеріс жүргізілмек, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыстық Полиция департаменті мәліметінше, бұл оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлігі "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекеттер" бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, сот-медициналық сараптама тағайындалған.
"Жамбыл облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментіне Шу қалалық ауруханасы қызметкерлеріне қызметтен тыс тексеріс жүргізу туралы хат жолданды", – деді департамент өкілдері.
Оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, наурыздың басында Шу қалалық ауруханасында 25 жастағы әйел комаға түсіп, сәбиінен айырылып, кейін өзі де көз жұмған болатын. Марқұмның туыстары оның өліміне дәрігерлерді кінәлап, олардың әрекетін тексеруді талап етіп отыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова