Жамбыл облысында фосфор зауытында жарақат алған жұмысшы өтемақыдан қағылып отыр

Жамбыл облысында фосфор зауытында жарақат алған жұмысшы өтемақыдан қағылып отыр
Фото: Видео кадры

Жамбыл облысындағы кәсіпорындарда жыл басынан бері 24 жазатайым оқиға тіркелді. Соның салдарынан 7 адам қаза тауып, 32 жұмысшы жарақат алған. Осыған байланысты еңбек инспекциясы 96 кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігін тексерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, өндірісте жарақат алғандардың бір бөлігі әлі күнге дейін тиесілі өтемақысын ала алмай жүр. Жұмыс берушілердің кейбірі өз міндетін орындаудан жалтарады.

Фосфор зауытындағы жарылыс

Сұлтанбейбарыс Бескемпіров "Жаңа Жамбыл" фосфор зауытына 2024 жылы жұмысқа тұрған. Ол цехтағы автоматты желіге жауапты маман болған.

5 мамыр күні өндірістік пеште жарылыс болып, 1800 градус ыстықтан ұшқан темір жұмысшының бетіне тиген. Салдарынан ер адам ауыр жарақат алып, қазір еңбекке жарамсыз күйде.

"Басымның жартысы сезілмейді"

Зардап шеккен жұмысшының айтуынша, жарақаттан кейін оның денсаулығы күрт нашарлаған.

"Басымның жартысы сезілмейді. Бас сүйегімнің кей жерлері шытынап кеткен. Қазір аузымды аша алмаймын, тамақ жей алмаймын. Тістерім жылжып кеткен. Құбыр бетіме кірген кезде құлағымнан қан кеткен. Қазір бір құлағым естімейді", - дейді Сұлтанбейбарыс Бескемпіров.

Оның сөзінше, егер кәсіпорын берген қорғаныш құралдары талапқа сай болғанда, мұндай ауыр жарақаттың алдын алуға болар еді.

"Жұмысшы ретінде қауіпсіздік талабын сақтадым. Маскам да, арнайы киімім де, аяқ киімім де, қолғабым да болды. Нұсқаулық бойынша жұмыс істедік. Бірақ сол жағдай болып, құбыр бетіме қадалды. Егер қорғаныш маскасы мен арнайы киім басқаша болғанда, жағдай да басқа болуы мүмкін еді", - деді ол.

Жұмысшы өтемақы ала алмай жүр

Өндірісте жарақат алған Сұлтанбейбарыс әлі күнге дейін толық өтемақы ала алмағанын айтады. Оның сөзінше, кәсіпорын басшылығы алғашқыда ем-домға 100 мың теңге берген.

Ал бас сүйекте қалған темір жарықшақтарын алу, жақ сүйегі мен есту қабілетін қалпына келтіру үшін қомақты қаржы қажет. Зардап шеккен тарап емге шамамен 30 миллион теңге керек екенін айтып отыр.

Алайда зауыт өкілдері бұл қаражатты жұмысшының қолына беруге келіспейді. Олар емдеу шығындарын келісімшарт негізінде тікелей клиникаға төлеуге дайын екенін мәлімдеді.

Зауыт не дейді?

"Жаңа Жамбыл" фосфор зауыты әкімшілігінің басшысы Тұрғымбай Жүсіпов кәсіпорын зардап шеккен қызметкерге емделуге көмектесуге дайын екенін айтты.

"Біз зардап шеккен қызметкер, клиника және кәсіпорын арасында келісім жасауға дайынбыз. Қажет болған жағдайда ем-шара шығындарын тікелей клиникаға төлеу мәселесін қарастырамыз. Бірақ алдымен талап етіліп отырған 30 миллион теңгенің нақты қандай шығындардан құралғанын түсінуіміз керек. Ол үшін клиниканың коммерциялық ұсынысы немесе тиісті құжаттар ұсынылуы қажет. Ол отандық немесе шетелдік клиника болса да маңызды емес", - деді ол.

Жұмыс берушінің кінәсі дәлелденген

Оқиғаны тергеп-тексеру үшін арнайы комиссия құрылған. Жан-жақты зерделеу нәтижесінде жұмыс берушінің кінәсі толық дәлелденген.

Жалпы жыл басынан бері Жамбыл облыстық еңбек инспекциясына 1000-нан астам арыз түскен. Шағымдардың басым бөлігі жалақының төленбеуі, заңсыз жұмыстан босату және еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына қатысты.

96 кәсіпорын тексерілді

Еңбек инспекциясы 96 мекемеде тексеріс жүргізіп, 113 заңбұзушылық анықтады. Оларды жою үшін 63 міндетті нұсқама берілген.

Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы Жанат Мұқатаеваның айтуынша, заң бұзғандарға 6,6 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

"32 іс қозғалды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 703 адамның құқығы қорғалды. Жұмысшыларға 331 миллион теңге жалақы қарызы өндіріліп берілді", - деді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget