Жамбыл облысы тұрғынының кір жуғыш машинасынан құны 11 миллион теңге болатын есірткі тәркіленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікпен Шу ауданының 37 жастағы тұрғыны ұсталды.
Жамбылдық полицейлер күдіктінің тұрғылықты жерін тінту кезінде сарайда тұрған кір жуғыш машинаның ішінен 4 полипропилен қапшықтағы өсімдік тектес зат пен ерекше иісті ұнтақ заты бар пакет және ұнтақтауға арналған елек тауып, тәркіледі.
Сараптама қорытындысы бойынша аталған заттар жалпы салмағы 111 келі 500 грамм кептірілген марихуана және жалпы салмағы 2 келі 960 грамм гашиш есірткісі болып шықты. Бұл есірткілердің қара нарықтағы жалпы құны – 11 миллион теңге.
Сондай-ақ жазғы ас үйдегі диванның астынан 12 мм калибрлі ТОЗ-63 тіркелмеген қос ұңғылы тегіс ұңғылы аңшы мылтығы табылды.
"Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта ол Шу ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды", - деді полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!