Жамбыл облысында ер адам жылыту құбырына асылмақ болған

Жамбыл облысында ер адам жылыту құбырына асылмақ болған
Фото: depositphotos.com

Жамбыл облысында полицейлер жедел әрекеттің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға 2026 жылғы 6 қаңтарда профилактикалық тексеріс барысында тіркелген. Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары арнайы есепте тұрған азаматтарды күнделікті аралау кезінде бір тұрғын үйге кірген.

Тексеру кезінде полицейлер ер адамның жатын бөлмеде жылыту құбырына асылып, өміріне қауіп төніп тұрғанын байқаған. Жағдайдың күрделігін ескерген құқық қорғау органдарының қызметкерлері бірден әрекет еткен.

Полицейлер ер адамды дереу босатып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Осылайша, азаматтың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туған.

Зардап шеккен ер адам жедел түрде аудандық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің хабарлауынша, қазір оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ.

Құтқарылған ер адамның туыстары полиция қызметкерлеріне кәсіби әрі бейжай қарамаған әрекеттері үшін алғыс білдірген.

Полиция департаменті арнайы есепте тұрған адамдармен профилактикалық жұмыстардың тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті. Мұндай шаралар құқық бұзушылықтың алдын алуға және қиын жағдайға тап болған азаматтарға дер кезінде көмек көрсетуге бағытталған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget