Жамбыл облысында енесінің атына оның келісімінсіз несие рәсімдеген келін сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Жуалы аудандық соты алаяқтық дерегі бойынша Б.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. 2025 жылы қарашада Б. өз атына несие рәсімдей алмай, белгісіз адамды қайын енесі хабардар екеніне сендіріп, одан қайын енесінің атына несие рәсімдеуді сұраған.
Айыпталушы қайын енесінің телефонын алып, растау кодын хабарлап, алдап, енесінің бет-әлпетін онлайн тексерістен өткізген. Осылайша, Б. 1,5 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, оның 1,1 миллион теңгесі жәбірленушінің шотына түскен. Айыпталушы осы соманы өз шотына аударып, қажетіне жұмсаған. Жәбірленушінің өзі несие туралы ай сайынғы төлем пайда болғаннан кейін ғана білген.
Сот үкімі
Б.-ның кінәсі тараптардың айғақтарымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген.
Сот айыпталушының кінәні мойындауын, жасаған ісіне өкінуін және балалары болуын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды.
Сот үкімімен ол ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Жәбірленушінің 1,5 миллион теңге сомасындағы материалдық залалды өтеу туралы азаматтық талабы қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова