Жамбыл облысында екі ағасы қарындасын зорлаған: іске қатысты тың деректер шықты

Жамбыл облысында екі ағасы қарындасын зорлаған: іске қатысты тың деректер шықты
Фото: depositphotos.com

Жамбыл облысында екі ағасынан зорлық көрген қызға қатысты іс бойынша тың деректер шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Екі күдіктінің бірі ғана ұсталған

Өңірдің полиция департаментінің мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігімен (жас балаға қатысты зорлау әрекеті өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады) қылмыстық іс қозғалған.

"Қылмысты жасаған екі күдікті анықталды. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде бір күдікті ізін суытпай ұсталып, қамауға алынды", - деп жазылған полицияның Massaget.kz-ке жауабында.

Дегенмен екінші күдіктіге іздеу жарияланған, полиция оны ұстау бойынша қажет іс-шаралар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Кімдер жазаланды?

"Оқушының өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамағаны үшін мектеп қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр", - деп жазылған полиция жауабында.

Қылмыстық іс полиция департаменті басшылығының бақылауында екені хабарланды.

Бұған дейін не белгілі?

Еске салайық, бұған дейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева екі зорлық-зомбылық дерегі туралы айтты. 

Бір оқиғада Жамбыл облысында 13 жастағы қыз 6 жыл бойы екі ағасынан зорлық-зомбылық көрген.

"Қылмыстық іс қозғалды. Қыз бен анасы қауіпсіз жерге жеткізілді, оларға қажет көмек көрсетіліп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары өткізген комиссия отырысының қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары, директорға қатысты шара қолданылды. Бұл - ауылдағы жалғыз мектеп. Қыз сауалнамада психологқа белгі берді, бірақ қажет жұмыс жүргізілмеді", - деді Зәкиева бұған дейін.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова