Жамбыл облысында екі ағасы қарындасын зорлаған: екінші күдікті ұсталды

Жамбыл облысында қарындасын зорлады деген күдікке ілінген екінші адам ұсталды. Ол аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өңірлік Полиция департаментінің мәліметінше, жедел іздестіру іс-шаралары барысында іздеу жарияланған күдікті ұсталған.

"Ол Шу ауданынан 60 шақырым жерде шаруа қожалығында ұсталды. Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, соталды тергеу жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Бірінші күдіктіні полиция қызметкерлері бірден ұстаған болатын. Бұл қылмысты жасағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.

Бұған дейін не белгілі?

Еске салайық, бұған дейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева екі зорлық-зомбылық дерегі туралы айтты. 

Бір оқиғада Жамбыл облысында 13 жастағы қыз 6 жыл бойы екі ағасынан зорлық-зомбылық көрген. Облыстық білім басқармасы оқиға 17 қыркүйекте анықталғанын хабарлады.

"Қылмыстық іс қозғалды. Қыз бен анасы қауіпсіз жерге жеткізілді, оларға қажет көмек көрсетіліп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары өткізген комиссия отырысының қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары, директорға қатысты шара қолданылды. Бұл - ауылдағы жалғыз мектеп. Қыз сауалнамада психологқа белгі берді, бірақ қажет жұмыс жүргізілмеді", - деді Зәкиева бұған дейін.

Кімдер жазаланды?

"Оқушының өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамағаны үшін мектеп қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр", - деп жазылған полиция жауабында.

Қылмыстық іс полиция департаменті басшылығының бақылауында екені хабарланды

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!