Жамбыл облысында дауыл және қатты жаңбыр салдары жойылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қордай ауданында табиғи апат салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр. Бүлінген тұрғын үйлердің ауласы қоқыстан толық тазартылған.
Қазіргі уақытта Беріктас және Соғанды ауылдық округтеріндегі қираған инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру жұмыстары іске асырылып жатыр.
"Беріктас ауылындағы 219 абонент газға қосылып, 6 аулада тазалық жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ауылда 2 бригада (10 адам, 5 техника) және Соғанды елді мекенінде 3 бригада (15 адам, 2 техника) электр желілерін реттеу жұмыстарын жүргізді. Барлық үйлер газ, электр желілеріне қосылды. "ҚазТрансГазАймақ" газ құбырларын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр", - делінген хабарламада.
Одан бөлек, 30 адам Қақпатас өзенінің арнасын ағаштардан тазалауға атсалысқан. Сонымен қатар, автожолдағы көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 17 шілдесінде Қордай ауданының бірқатар ауылдық округтерінде дауыл және қатты жаңбыр салдарынан таулы жерлерде көлбеу ағын жүрген болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!