Жамбыл облысында былтыр аяқталуы керек 21 жобаның екеуі ғана біткен

Жамбылдық шаруалар биыл жазда да судан тапшылық көреді. Сенат отырысында депутат Сәкен Арубаев оңтүстік өңірлердегі ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру жөніндегі жобалар тұрақты қаржыландырылмай отырғанын сынға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың айтуынша, Үкімет 2014 жылы Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында ирригациялық және дренаж жүйелерін жаңғырту мен дамыту үшін Халықаралық қайта құру және даму банкімен келісім жасасқан.

"Келісімге сәйкес жоба 2021 жылы аяқталуы керек болатын. Бірақ қаржы республикалық бюджеттен жүйелі түрде толық бөлінбегендіктен, былтыр аяқталуға тиіс жоба 2024 жылдың соңына дейін ұзарды. Соның салдарынан 4 облыс бойынша аяқталуға тиісті 11 жобаның екеуі ғана аяқталды", - дейді депутат.

Дерекке сүйенсек, қалған 9 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары әлі созылып жатыр. Ал бұл жоспардағы 105 мың гектар жердің 10 мың гектарын ғана ағын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Биылға осы жұмыстарды аяқтауға сұралған 20,3 миллиард теңге қаржының 7,2 миллиард теңгесі қолдау тапқан.

"Бұл - жобаның толық іске асуы тағы да 2-3 жылға созылады деген сөз. Қаржы жеткіліксіздігі суару жүйесін уақтылы жөндеуге кедергі келтіруі мүмкін. Ақша уақтылы бөлінбеуі, жобалардың тапсыру мерзімдері бірнеше рет өзгеруі Жамбыл өңіріндегі су нысандарын қалпына келтіруді уақытылы іске асыруға да кедергі келтіріп отыр", - деді Сәкен Арубаев.

Депутаттың айтуынша, жол картасына сәйкес, 2023-2025 жылдары 257 су нысанына жөндеу арқылы 55 мың гектар суармалы алқапты айналымға қосу жоспарланған. 43 гектардың жобалық-сметалық құжаттамасы сараптаманың қорытындысына қарай әзірленген. 

"Қазір 206 су нысанына жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Алайда қаржы тапшылығы бұл жол картасын іске асыруға мүмкіндік бермей отыр. Ауыл халқының басым көпшілігі орналасқан оңтүстік өңірлерде тұрғындардың негізгі табысы суармалы жерлерді игерумен тығыз байланысты екені белгілі. Сондықтан да айтылған жобалардың іске асуы тек экономикалық тұрғыда емес, әлеуметтік тұрғыда да маңызды", - деді депутат Арубаев.

А.Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!