Жамбыл облысында жайылымнан бір үйір жылқыны айдап әкетті деген күдікпен 44 жастағы тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Оқиға Тұрар Рысқұлов ауданының құмды алқабындағы жайылымда болған. Полиция мәліметінше, ер адам қараусыз жүрген жылқыларды байқап, оларды иемденуді ұйғарған.
Күдікті өзіне тиесілі атқа мініп, 16 бас жылқыны үйірімен бірге айдап әкеткен.
Тергеу барысында ұрланған жылқылардың жетеуі сойылып, еті сатылғаны анықталды. Мал иесіне келтірілген материалдық шығын көлемі 24 миллион теңгеге бағаланып отыр.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша аса ірі мөлшердегі мал ұрлығы бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды мал-мүлкінің сақталуына жауапкершілікпен қарап, төрт түлікті қараусыз қалдырмауға шақырады.