Жамбыл облысында бейберекет қоқыс орындары көбейген

Жамбыл облысында бейберекет қоқыс орындары көбейген
Фото: автордан/А. Сырымбет

Космостық мониторинг Жамбыл облысында бейберекет жатқан 190 қоқыс орнын анықтаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазір стихиялық полигондардың 54-і жойылған. Қалғаны әлі қараусыз, қоршаусыз жатыр. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевтың айтуынша, Таразда - 15, Шу қаласында - 67, Жамбыл ауданында - 10, Байзақ және Қордай аудандарында сегіз қоқыс полигоны жойылуы керек.

"Қазір біздің облыста қатты тұрмыстық қалдықтар мен полигондарды кәдеге жарату бойынша 163 полигон жұмыс істейді. Оның бесеуі ірі кәсіпорындардың жекеменшігінде, 158-і коммуналдық меншікте", - дейді басқарма басшысы.

Алты айда облыста 25,1 мың тонна қоқыс жиналған. Таразда және аудан орталықтарында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау және сұрыптау қызметтерімен айналысатын мекемелер 141 958 үй иесімен келісімшартқа қол қойған. Ал Қордай және Мойынқұм аудандарында қоқыс шығаруға мамандандырылған кәсіпорындар жоқ.

Айта кетейік, тұрғындарға рұқсатсыз қоқыс тастағаны үшін 4,2 миллион теңгеге айыппұл салынып, 3,4 миллион теңгесі өндіріп алынған.

А. Сырымбет

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz