Жамбыл облысында балалар жаппай уланды: біреуі жансақтауда жатыр

Жамбыл облысында балалар жаппай уланды. 17 наурызда Меркі аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне Меркі ауылы Ойтал учаскесі "Нұрай" бөбекжай бақшасының 10 тәрбиеленушісі жеткізілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның ішінде 9 жағдай жіті ішек инфекциясы, 1 жағдай энтеровирус инфекциясы диагнозымен тіркелген.

"1 бүлдіршін жансақтау бөліміне ауыстырылды, жағдайы бірқалыпты, оң нәтижелер байқалады", - деп жазылған хабарламада.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес арнайы топ құрылып, әр баланың жағдайымен танысып, жағдай зерделеніп жатыр. Оған қоса ауру неден шыққаны анықталып жатыр.

"Меркі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеріс жұмыстарын бастады, барлық сынама алынды, қорытындысын күтеміз", - деп жазылған өңір әкімдігі мәліметінде.

Балабақша залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін екі тәулікке жабылып, ата-аналарға ескертілген.

Құзырлы органның тексеріс қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!