Жамбыл облысында балабақша қызметкерлері аудан басшыларын мәжбүрлеп ақша жинатқызды деп айыптап отыр. Бұл туралы "КТК" телеарнасы хабарлады, - деп жазады Tengrinews.kz.
Телеарна тілшілерінің мәліметінше, Тұрар Рысқұлов ауданындағы тәрбиешілер соңғы кездері ақша жинаудан ығыр болыпты. Ал оны тиынына дейін санап жеткізетін мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісі екен. Мұндай жемқорлық сипатындағы жаға ұстатарлық деректі тәрбиешілердің өздері мәлімдеді.
Ашылғанына жыл толмаған "Алтын сақа" балабақшасынан шу шығып жатыр. Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері меңгерушінің былығын әшкерлегісі келеді екен. "Оның әмиянына айналдық" деп ашынған наразы топ жұмысқа ақшамен әрең кіргендерін де жасырмады. "Алтын сақа" балабақшасының әдіскері Толқын Айсерікова ақшаның Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға жиналғанын айтады. "Бұл жақта ақша жинау көп. Не болды? Қазақ хандығына. Қаншадан? Ойбай бес мың. 2300 аудардым, 2700 тағы да. Не болды? Ойбай, Районо шляпа сұрап жатыр. Міне, тәрбиешілердің көздері тұр. 15 мыңнан жинап алған", - деді ол.
Шу шығарғандар "балабақша меңгерушісі шамадан тыс қызметкерлер қабылдаған" деп отыр. Асыра сілтегені сонша, штаттық кестеден мамандар саны екі есеге асып кетіпті. Тәрбиешілердің көбейуінен сәйкесінше жалақы да қысқарып қалған. Сорақысы, мұндағы бала саны да шамадан артық екен. Тіпті, көрпе-төсек жетпей, бір орынға екі баладан таласатын көрінеді. "Жиырма бала менің тобыма келу керек болса, мен 24 бала асырап отырдым қыстай. Олардың ақшасы кімге төленді сонда? Оны бастық ай сайын бес мың алды. Меңгерушінің өз қалтасына түсіп отырды", - деді "Алтын сақа" балабақшасының тағы бір тәрбиешісі Гүлмира Мұқанова.
Тәрбиешілер аудандық білім бөлімі, аудан әкімі мен құзырлы орындарға ұжымның атынан арыз жазған. Олар тексеріс жүріп, бірталай заң бұзушылықтар анықталғанымен, ешқандай шара қолданбады деп отыр. Ал мектепке дейінгі мекеме меңгерушісі әдеттегідей өзіне шаң жуытар емес.
"Алтын сақа" балабақшасының меңгерушісі Алтынкүл Әділова бұған қатысты пікірін шолақ берді. "Бұл бар ғой тапсырыс. Менің орным біреуге керек болып тұр, болды. Иә. Бес қызды ойландырып отыр", - дейді ол.
Телеарнаның аймақтағы тілшілері ұжым мен басшы арасындағы айқастың зардабын бүлдіршіндердің тартып отырғанын айтады. Баланың тәрбиесіне тікелей жауапты мамандар сол бөбектердің көзінше жаға жыртысып жүр. Ал, аудандық білім бөлімінің басшысы қаржы жинау дерегі жалған деп мәлімдеді. Қазір шу шыққан бөбек жай құзырлы орынның қатаң бақылауында.