Жамбыл облысында әйел ұлы жасаған буллинг үшін жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мойынқұм аудандық соты кәмелетке толмаған баланың анасына қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі (12 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адам жасаған буллинг) қарады.
Биыл мамырда Мойынқұм ауданындағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушысы бірнеше 8-сынып оқушысына буллинг жасап, олардан ақша сұраған. Заңнама талаптарына сәйкес хаттама оқушының анасына толтырылған.
Кінә хаттамамен, істің басқа да материалдарымен дәлелденген.
Сотта Ж. хаттамада көрсетілген мән-жайды мойындап, болашақта мұндайға жол бермеуге уәде еткен.
Сот қаулысымен Ж. ӘҚБтК-нің 127-2-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 43 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова