- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жамбыл облысында ауыл...
Жамбыл облысында ауыл тұрғындары вагонның астымен өтуге мәжбүр
Жамбыл облысында ауыл тұрғындары 6 жолақты темір жолды жаяу кесіп өтіп жүр. Жұрт жұмысқа, оқушылар мектепке бару үшін вагондар астымен өтуге мәжбүр. Салдарынан жазатайым оқиғалар да тіркелген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Аса ауылында аспалы көпірдің мәселесі өткен ғасырдан бері көтеріліп келеді. Бірақ былтырға дейін шешімін таппаған. Салдарынан ауылды бөліп жатқан 6 жолақты теміржол қауіпті аймаққа айналған. Тіпті өткелсіз жерден өтем деп өмірімен қоштасқандар да болған.
"Жастар, балабақшаға баратын балалар вагонның астынан өтеді. Қыста шанамен өтуге мәжбүр. Оқушының денесін бөліп немесе аяқ-қолын кесіп кеткен жағдай болды", - деді Аса ауылының тұрғыны Әбдітәліп Омаров.
Аса ауылында 13 мың халық тұрады. Ал оның 1500-ден астамы сол теміржолдың арғы бетіне қоныстанған. Десе де, ол алқапта халыққа қажетті әлеуметтік нысан жоқ. 3 мектеп, аурухана мен емхана, әкімдік, қажеттінің бәрі бергі жағында. Ал жергілікті билік өкілдері осы уақытқа дейін өткел салуға, "Қазақстан темір жолы" рұқсат бермегенін жеткізді.
"Қазақстан темір жолы" мекемесі темір жолға көпір салуға рұқсат бермеді. Біз әлі де осы мәселені айтып жүрміз", - деді Аса ауылының әкімі Бауыржан Талшынбетов.
Тәуелсіздік алғалы толғауға айналға мәселеге былтыр нүкте қойылды. Адам өміріне қауіпті аймаққа ақыры ҚТЖ көпір салуға рұқсатын берген. Сөйтіп аудандық бюджеттен 336 миллион теңге бөлініп құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бірақ 5 ай бұрын пайдалануға берілуге тиіс өткел әлі күнге аяқталамаған.
"Қыс мезгілінде ауа райына байланысты жұмыс тоқтады. Жұмыс дер кезінде аяқталмағы үшін айыппұл салынады", - деді Жамбыл аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Мақсат Үсенбаев.
Жауаптылар жобаны 1 айда аяқтап, мамырда халық игілігіне тапсыратынын айтып, уәде берді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек