Мемлекет басшысының қолдауымен әзірленіп, 2019 жылы Жамбыл облысында пилот негізде басталған "Ауыл аманаты" жобасы экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетті. Жоба басталғалы 18,3 миллиард теңге бөлініп, 24 ауылдағы 4 мыңға жуық адам кәсібін ашты. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтылды.
ҚР Президентінің тапсырмасымен облыста табысты жүзеге асқан жоба қазір ел көлемінде таралып, қолға алынып жатыр.
"Жоба басталғалы облыстағы 24 ауылға 18,3 миллиард теңге бөлінсе, биыл қосымша тағы 24 миллиард теңге қаралды. Осылайша 26 ауылдағы 5 мыңға жуық тұрғынды несиелендіруді көздеп отырмыз. Яғни, тұрғындар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс орындары ашылады.
Нәтижесінде, осы жобамен қамтылған ауыл тұрғындарының орташа табысы 44 мың теңгеден 135 мыңға артатын болады.
Біз алдағы 2024-2025 жылдары республикалық бюджет есебінен 45,5 миллиард теңгеге қалған 103 ауылдық округтегі 490 мың тұрғынды қамтуды жоспарлап отырмыз", - деді Нұржан Нұржігітов.
Облыс әкімінің айтуынша, осы жоба іске асқан елді мекендердердегі әлеуметтік мәселелерді кешенді түрде шешу қолға алынып жатыр. Атап айтсақ, 24 ауылдық округтің инфрақұрылымына 9,5 миллиард теңгеге 183 жоба іске асырылып жатыр. Ал 2025 жылға қарай жобамен қамтылған елді мекендердің әлеуметтік игіліктермен, қызметтермен қамтамасыз ету деңгейін 92,2 пайызға жеткізу көзделді.
Жалпы 2019-2022 жылдар аралығында "Ауыл аманаты" пилот жобасымен қамтылған 24 ауылдық округтегі 58 ауылда осы жылдары 34,2 миллиард теңгеге 240 жоба іске асырылған.
Сондай-ақ, аймақ басшысы облыста жайылым жер мәселесі 2021 жылдан бері қолға алынып, 5 бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
"Облыста жалпы 683,6 мың гектар жетіспейтін жайылым жерлер анықталған болатын. Мәселен, босалқы жер қорындағы және қайтарылған жайылымды елді мекендерге бекіту арқылы 363 мың гектардан 741 мың гектарға ұлғайттық, елді мекеннен 5 шақырым радиустағы 49,2 мың гектар жайылым жер елді мекендерге бекітілді, орман қорының 1 миллион 80 мың гектар жеріне мал басы көп тұрғындардың 245 мың мал басы шығарылды.
Шаруа қожалықтарының жерлеріне кедергісіз мал жаюға 510 мың гектарға меморандум жасалып, игерілмеген 379 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Нәтижесінде, жетіспейтін жайылым жерлердің көлемі 683,6 мың гектардан 164 мың гектарға қысқарды", - деді Нұржан Нұржігітов.
Биыл жоспарға сәйкес 200 мың гектар игерілмеген, заңсыз берілген жайылым жерлерді қайтару және 69,3 мың гектарды елді мекендерге жайылым жер ретінде қосу міндеті тұр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!