Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы қызметкер жемқорлық үшін сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жамбыл облысы Мойынқұм аудандық соты парақорлық жасағаны үшін аудан әкімінің міндетін уақытша атқарған С. Төлегенов, осы ауданның қаржы бөлімінің басшысы Т. Әділбаев және Kaly ЖК өкілі А. Шұбаев сотталды.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Төлегенов пара алғаны, ал Әділбаев мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмыс жөніндегі функцияларды лауазымдық міндеттерінен алып тастамағаны және қызмет бойынша жалпы қамқорлығы үшін оған 400 мың теңге сомасында пара бергені үшін кінәлі деп танылды.
"Бұдан басқа, Әділбаев Мойынқұм ауылының жолдарын жөндеу бойынша орындалған жұмыстарға жедел ақы төлегені үшін Шұбаевтан 600 мың теңге сомасында пара алған. Сот үкімімен Төлегенов пен Шұбаевқа 12 миллион теңге, Әділбаевқа 26 миллион теңге айыппұл салынды", - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Антикор Қылмыстық кодекстің 41-бабына сәйкес, айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылатынын еске салды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!