Жамбыл облысында алғаш рет республикалық деңгейде "Жас сақшы – қауіпсіз болашаққа қадам" атты форум өтті. Ауқымды іс-шараға еліміздің 19 өңірінен келген "Жас сақшы" сыныптарының оқушылары қатысты.
Форумға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, ішкі істер органдарының ардагерлері, полиция департаментінің жеке құрамы, өңірлерден келген делегаттар қатысты.

Тағылымды жиынның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық тәрбие беру және полиция мен қоғам арасындағы байланысты нығайту.
Шара барысында "Жас сақшы" сыныптарының қызметі таныстырылып, оқушыларға құқықтық және патриоттық тәрбие беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Бүгінде облыс бойынша 43 полиция сыныбы ашылып, онда 900-ге жуық оқушы білім алуда.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзінде "Жас сақшы" жобасының жас ұрпақты тәртіпке, жауапкершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызын ерекше атап өтті.
Ал полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев бұл жобаның жастардың заңға деген құрметін қалыптастырып, полиция мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға қосып отырған үлесіне тоқталды.

Форум аясында оқушылар буллингтің, есірткі қылмысының алдын алу, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігі тақырыптарында сахналық қойылымдар ұсынып, өз ойларын ортаға салды.

Іс-шара барысында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларға 15 жаңа қызметтік автокөліктің кілті табысталды. Сонымен қатар еліміздің барлық өңірінен келген "Жас сақшы" сыныптарының оқушылары мен жетекшілері марапатталды.
Жамбыл облысының әкімдігі ұсынған материал
Massaget.kz