7 және 9 жастағы екі ұл бала әкесіне бару үшін үйден қашып кеткен. Олар жүк пойызы вагонына шығып алған, бірақ кейін қорқып, түсіп қалған. Оларды полицейлер тапты, балалар ауруханаға жатқызылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
29 тамызда сағат 22.40 шамасында Жамбыл облысында 53 жастағы шопан көлік полициясына жүгінген. Ол "Тамды-Талас" өткелінде жүріп келе жатқан жүк пойызы вагондарында екі баланы байқаған.
Хабарламаны алған полицейлер дереу іздеуге кіріскен.
"Полиция қызметкерлері 40 минут ішінде Билекөл ауылы маңында 9 жастағы баланы және оның 7 жасар інісін Жұма станциясы маңындағы теміржол маңынан тауып алған. Балалар Талас аудандық орталық ауруханасына жатқызылды", – деді полиция өкілдері.
Балалар Қаратау ауылында анасымен бірге тұратыны анықталды. 29 тамызда олар Жамбыл ауданы Тамды ауылындағы әжесіне қонаққа барған. Қараусыз қалған балалар көрші ауылда тұратын әкесіне баруды ұйғарыпты. Балалардың ата-анасы ажырасқан. Тамды станциясында балалар жүк пойызының соңғы вагонына шығып алған. Жолда пойыз жылдамдығын арттыра бергенде, балалар қорқып, Жұма станциясы маңында секіріп кеткен.
Дерек бойынша полицейлер Қылмыстық кодекстің 344-бабы 1-бөлігі "Темір жол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын бұзу" бойынша соталды тергеу амалдарын бастады.
Көлік полицейлері ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға шақырды, себебі бұл олардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!