Қазақстандағы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы елімізді қуатты мемлекетке айналдырудың басты бағыты. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында суармалы жерлер алқабын 1,5 есеге арттыру көзделген. Бағдарламадағы негізгі басымдық жер және су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған. Аталған мемлекеттік бағдарламаны белгіленген уақыт аралығында жүзеге асыру үшін, бүгінгі уақытта Қазақстанның барлық аймағында тиісті жұмыстар жасалып жатыр. Соның ішінде, ауыл шаруашылығы саласында үздік нәтиже көрсетіп жатқан өңірдің бірі Жамбыл облысы. Сегізінші аймақтағы ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашев баспасөз конференциясында облыс төңірегінде мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндама жасады. Шара Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өтті. Берік Болатұлының хабарлауы бойынша, биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 18,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржының 7,9 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, ал 10,6 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен аударылыпты. 2018 жылдың 8 айына жоспарланған жұмыстың 99,9% толықтай орындалып, бүгінде 11,4 миллиард теңге игерілді. Облыстық ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 11 687,1 миллион теңгені құрады. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 3 296,6 миллион теңге инвестиция құйылды. Жыл басынан бері бұл салада барлығы 74 479 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, индекс көлемі 103,8%-ды көрсетті. Бұдан бөлек, облыстағы ауыл шаруашылығының басқа да салалары былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары нәтижеге қол жеткізген. Мысалы, ет өндірісі 4%-ға, сүт өндірісі 3%-ға және жұмыртқа өндірісі 1,3%-ға артқан.