Жамбыл облысында екінші сынып оқушысына жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшіс 24KZ-ке сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, қайғылы оқиға өңірдегі шалғай ауылдардың бірінде болған.
"Оқиға болған күні үй иесі үлкен ұлы мен қызын алып, шаруаларымен қалаға кеткен, үйде қария, оның екінші сыныпта оқитын кіші немересі және бесікте ұйықтап жатқан сәби ғана қалған. Іс материалдарына сәйкес түскі сағат 13:30 шамасында аулаға интернетке қосылу үшін Wi-Fi-дың құпиясөзін сұрап, алыс туысы кірген. Ол үйде ересектер жоқтығын пайдаланып, "әкел, бетіңді сүйейін" деген сылтаумен бүлдіршінді тізесіне отырғызған. Осылайша қаскөй баланың дәрменсіздігі мен атасы зағип екенін пайдаланып, кішкентай қызға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасаған", - деп жазылған телеарна мәліметінде.
Осы оқиғадан кейін ер адам түк болмағандай қызды далаға ойнауға жібере салған. Кешке анасы жұмыстан оралғанда, екінші сынып оқушысы денесі ауырсынып тұрғанын, күндіз келген туысы туралы айтқан.
Анасы дереу учаскелік полиция инспекторын шақыртқан. Жедел тергеу тобы оқиға орнына жетіп, қылмыс болған диваннан маталар мен микроталшықты тәркілеген. Сараптама нәтижесі баланың сөзін толықтай растаған.
Бұл іс Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Қылмыстың аса ауырлығын ескерген бірінші сатыдағы сот айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова