Жамбыл облысында балағат сөздер айтқаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылған TikTok стример психикалық денсаулық орталығына жатқызылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өңірдің Полиция департаменті мәліметінше, TikTok желісінде "Алтын қыз" лақапатымен танылған Байзақ ауданының 41 жастағы тұрғыны тікелей эфирлер барысында балағат сөздер айтқаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"Бірнеше мәрте ескерту жасалып, профилактикалық жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, әйел мұндай әрекетін жалғастыра берген. Ол кәмелетке толмаған балаларына да балағат сөздер айтқан", - деді ІІМ өкілдері.
Полиция, қорғаншылық және қамқоршылық органдары, басқа да мүдделі қызметтер балалар қалай тәрбиеленіп, тұрып жатқанын тексерген. Қазір балалар әкесінің қарауында екені айтылды.
"Жедел жәрдем бригадасының тексерісінен кейін тұрғын ем қабылдау үшін Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылды", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін де Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент таратқан бірнеше адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз