Жамбыл облысында 300-ден аса көлік жуу, монша кешені мен бассейн су пайдалануға арнайы рұқсатсыз жұмыс істеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Прокурорлар жер асты суларын пайдаланатын қызмет көрсету саласы бойынша 300-ден аса коммерциялық объектілерді, оның ішінде көлік жуу, моншалар мен бассейндер уәкілетті органның беретін су пайдалануға арнайы рұқсатсыз жұмыс істегенін анықтады. Кейбір көлік жуу орындары ауызсуды пайдаланған.
Су көлемінің жыл сайын өсіп келе жатқан тапшылығы және мемлекеттің су тұтынудың тиімділігін арттыру бойынша жүргізіп жатқан саясаты аясында өмірлік маңызды тіршілік көзіне немқұрайлы және жауапсыздықпен қарауға жол берілмейді.
Нәтижесінде жыл сайын облыс бюджетіне пайдалы қазбаларды өндіргені үшін көптеген миллион салық сомалары түспеген.
Бұл бұзушылықтар прокурорлардың бастамасы бойынша "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының, уәкілетті органдардың және су саласының сарапшыларының қатысуымен облыс прокуратурасы жанындағы Сараптамалық кеңесте қаралды.
Қазір жағдайды түзету және жіберілген бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз