Жамбыл облысында 250 оқушы мектеп таппай сабылып жүр

Жамбыл облысында 250 оқушы мектеп таппай сабылып жүр
Фото: Tengrinews.kz

Жамбыл облысында 250 оқушы оқу жылының ортасында баратын мектеп таппай сабылып жүр. Оған жыл басында ашылған жеке мектептің құжаты жоқ болып, аяқасты жабылуы себеп. Ал жұмыс істеуге рұқсаты жоқ мектептің далада қалған оқушыларын ешбір білім ошағы қабылдамаған. Өйткені оқушылардың бұған дейін алған бағасы ортақ базада жоқ. Қазір ата-аналар балалардың оқығаны туралы құжат бере алмай отырған білім ордасының алдын торуылдап жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жыл басында жарнамасы жер жарған озық үлгідегі мектепке баласын қуана-қуана апарған ата-аналар бүгін жыларман күйде. Өйткені ақылы мектептің құжат жүзінде сайда саны, құмда ізі жоқ. Алайда ата-аналар ай сайын сапалы білім алуға қомақты қаражат құйып келдік дейді.

"Балаларымыз бір тоқсан бойы базада жоқ. Мектеп базасында жоқ. Табельда да жоқ. Үш ай бойы балаларымыз қайда жүрген сонда, білмейміз. Талабымыз - құжаттарымызды берсін. Балаларды мектепке кіргізу керек. Бұл мектепті қалай ашты?! Біз сеніп қалып, баламызды бердік. 250 баланың тағдырын шешіңдер. Бір тоқсан балалар далада жүр", - дейді оқушының анасы Нұргүл Сатаева. 

Ата-аналардың айтуынша, мектеп ұжымы мектепте мұндай олқылықтың барын еш ескертпеген. Жиналғандар мектептің құжаты жоқ екенін, баласын басқа мектепке ауыстырмақ болған ата-анадан білген. Ата-аналардың кейбірі тіпті жылдық оқу ақысын төлеп қойған.

"42 мың теңге төлейтін едік, кейбір ата-ана 46 мың төйлейді. Сол жеңілдік сіздерге үш айға, 36 мыңнан төлеңіздер деп. Кейбірі бір жылын төлеп тастады, 36 мың деген, кейін алты айлығын, үш айлығын төлеп тастады. Бірақ ақшамыз да жоқ. Ақшамызды қойшы, лицензиясы да жоқ қой", - дейді оқушының анасы Айсұлу Хасанова. 

Ал білім бөлімінің мамандары оқу орталығына тексеріс басталғанынан бейхабар. Айтуынша, білім сапасын бақылау департаменті лицензияның жоқ екенін ескертіп, алдын ала хат жолдамаған. Білім бөлімінің басшысы оқусыз қалған оқушылар басқа мектепке ауыстырылды дейді. Ол үшін әр мектепке оқушылардың мәліметі жеке-жеке берілмек.

"Бір тоқсан бойы оқымаған. Біз мына кісілерге өзіміз сұратып, әрқайсысын бағалатуға мүмкіндік жасаймыз. Енді қазір жекеменшіктен мемлекеттікке береміз десеңіздер, ол да өз құзырларыңызда. Оны біз қабылдай аламыз", - дейді Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова. 

Жауапты мекеме мамандары лицензиясыз жұмыс істеп келген мектепті сотқа берген. Қазір сот процесі басталған. Олардың айтуынша, мектептің заңсыз жұмыс істеп келгені дәлелденсе, бұған дейін мемлекеттік бюджеттен берілген қаражат кері қайтарылмақ. 

Қазір өңірде оқушыларға білім беретін 24 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Тексеріс кезінде аймақтағы үш жеке мектептің рұқсат қағазы жоқ болып шықты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина