Жамбыл облысында "жоғалып кеткен" құны 22 миллион теңгелік 4 мемлекеттік автокөлік табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық прокуратурасына сілтеме жасап.
Талас ауданының прокуратурасы "Таза-Талас" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының теңгеріміндегі автокөліктерді заңсыз есептен шығару арқылы жымқыру деректерін анықтады.
Кәсіпорнының басшылығы мекемеге тиесілі нарықтық құны 22 млн теңге 4 автокөлікті жалған құжаттар рәсімдеу арқылы жарамсыз көлік құралдары ретінде заңсыз есептен шығарып, тиісті аукцион өткізбей, тікелей үшінші тұлғаларға сатқан.
Бұл дерек бойынша Талас ауданының прокуратурасы қылмыстық іс тіркеп, оны тергеп-тексеру облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасымен жүргізілді.
Қазіргі таңда мекеме басшыларының іс-әрекеттері ҚК-тің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен (жымқыру) және ҚК 369-бабы 1-бөлігімен (қызметтік жалғандық) сараланды.
Тергеп-тексеру барысында құны 17 млн теңгені құрайтын 3 автокөлік мемлекетке қайтарылды, төртінші автокөлікті қайтаруға шаралар қабылданп жатыр. Қылмыстық іс сотқа жолдану барысында.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз