Жамбыл облысында 22 жасөспірім шұғыл ауруханаға жеткізілген

Жамбыл облысында 22 жасөспірім шұғыл ауруханаға жеткізілген
Фото: depositphotos.com

Жамбыл облысында 22 жасөспірім шұғыл ауруханаға жеткізілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жамбыл облысы әкімдігі мәліметінше, 21 қаңтарда сағат 22:40 шамасында Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына "Тұран" демалыс орнынан 22 жасөспірім жеткізілген. Олар - Қызылорда облысынан ауданға күрес түрінен оқу-жаттығу жиынына келген 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Алдын ала диагноз - этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит.

"Аурудың себептерін анықтау мақсатында науқастардан және тағам өнімдерінен сараптамалар алынды, қорытындысы әзірге шықпады. Бұл жағдай бойынша облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеріс жүргізіп жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, бұл дерек Меркі аудандық полиция бөлімінде тіркелген. 

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес оқиға орнына облыс әкімінің орынбасарлары барып, жедел штаб отырысын өткізген.

"Балалар медициналық бақылауға алынған, тиісті органдар барлық шараны қабылдап жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Әкімдік мәліметінше, бұл демалыс орнына барлығы 103 жас спортшы мен 13 жаттықтырушы орналастырылған.

"Ауруханаға жүгінген науқастардың жағдайы жеңіл дәрежеде, денсаулығы қалыпты, дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Демалыс орнындағы басқа балаларға медициналық тексеріс жүргізілді, ауру белгілері анықталған жоқ", - деп жазылған хабарламада.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget