Жамбыл облысында 2022 жылы жалпы өңірлік өнім 2 триллион 749 миллиард теңгеге жеткен. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Облыс әкімінің айтуынша, биыл қаңтар-сәуірдің қорытындысымен өңірдегі экономикалық өсім 103 пайыз болған.
"Мемлекет басшысының алға қойып отырған басым міндеттерінің бірі - өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту десек, биыл төрт айында өңірге 89,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш 7,4 пайызға өскен.
Жалпы, биыл Жамбыл облысына 572 миллиард теңге инвестиция тартуды көзделіп отыр. Сонымен қатар, биыл 85,4 миллиард теңгеге 491 жұмыс орны болатын 21 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтіледі. Ал 2025 жылға дейін 1 триллион 900 миллиард теңгеге 4 мың жұмыс орны, 60 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр",-деді Нұржан Нұржігітов.
Сонымен қатар, жуырда ғана Жамбылда өткен ZHEIF-2023 халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында отандық компаниялар мен шетелдік инвесторлар арасында - 17, оның ішінде шетелдік 5 ірі компаниямен 700 миллион АҚШ долларына, 12 компаниямен 96,5 миллион АҚШ долларына келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.
Форумға дипломатиялық корпустың 20 өкілі қатысып, өзара ынтымақтастық бөлігінде келіссөздер жүргізді.
Форум шеңберінде екі кәсіпорын, бір демалыс орталығы өз жұмысын бастап, бір зауыттың іргетасы қаланды. Бұдан бөлек, бірқатар шетелдік және отандық инвестор кездесіп, электр энергиясы бойынша - 3, инфрақұрылым тарту - 4, жер мәселесі - 5 және газ тарту бойынша 2 жоба оң шешімін тапты.
Сондай-ақ, облыстың күн, жел және су арқылы электр станцияларын салуға әлеуеті өте жоғары десек, бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен облыста бірқатар ірі жобаның іске асуы жоспарланып отыр. Атап айтқанда, франциялық Total Eren, Біріккен Араб Әмірлігінің Masdar және Kidf, қытайлық State Power Investment Corporation компаниялары ауқымды жел электр станцияларын (1 ГВт) салуға ниет білдіріп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!