- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жамбыл облысында...
Жамбыл облысында 2 жыл бұрын ашылуы керек болған спорт кешені қаңғыбас иттердің мекеніне айналған
Жамбыл облысында құрылысы 2021 жылы басталған спорт кешені әлі күнге аяқталмаған. Қараусыз қалған нысан бүгінде қоқысқа толып, қаңғыбас иттердің мекеніне айналды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Спорт кешені Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында осыдан 2 жыл бұрын ашылуы тиіс еді. Бірақ 306 миллион теңге бөлінсе де нысан құрылысы аяқталмай қалған. Жұрттың айтуынша, мердігер компания құрылысқа қаржы жетпейтінін айтып, бюджеттен 70 миллион теңге сұраған. Жергілікті билік орынсыз ұсыныстан бас тартқан соң, мердігер құрылысты тоқтатып, нысанды сол күйінде тастап кеткен. Ал қоғам белсенділері "бұл – ақша жасаудың жолы" деп отыр. Өйткені сметалық жоба жасалғанда шығын артығымен есептелген көрінеді.
"Мемлекет қаржысына соғылатын құрылыс ешқашан сақалды болмауы қажет. Не үшін деген сұрақ туындайды? Өйткені мемлекет сараптамадан өткен кезде материалдың алдағы 3 жыл қымбаттауы мүмкін деген бағаммен өлшеп беріледі", – деді қоғам белсендісі Исламбек Дастан.
Қазір қақпасы қирап, қоршауы сынған нысанға кім көрінген кіреді. Электр желілері де үзіліп жатыр. Бірнеше жыл жауын мен қар астында қалғандықтан, темір бағаналарын тот баса бастаған. Ал аудан әкімдігіндегілер мердігерді сотқа беріп, 2 жылдан соң ақыры жеңіске жеткенін сүйіншілеп жеткізді. Енді жосықсыз компания 36 млн теңгені мемлекетке қайтаруға міндетті. Ал ол қаржыны өзге мердігер алып, кешен құрылысын аяқтайды.
"Бүгінгі таңға 270 миллион теңге игерген. Қалған аванстық соманы қайтарады. Соттың шешімі күшіне енді. Жаңа мердігерге ешқандай қаржы берілген жоқ. Ол өз есебінен жасап беріп жатыр. Толық аяқталғаннан кейін, төлейміз", – деді Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағы.
Жергілікті билік кешен құрылысы қыркүйекте аяқталады деп мәлімдеді. Ал мамандар аймақта жосықсыз мердігерлер тым көбейіп кеткенін айтып дабыл қағады. Оған дәлел, былтыр 71 нысанның құрылысы мерзімінен кешіккен.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина