Жамбыл облысында 12 ауыл әлі көмір жағып, күл шығарып жүр

Жамбыл облысы Шу ауданындағы 35 ауылдың он екісіне әлі газ құбыры тартылмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл аудандағы 12 ауылдың алтауы болашағы жоқ елді мекендердің санатына жатқызылған. Жергілікті атқарушы органдар 6 ауылға газ құбырларын тартуды тиімсіз санап отыр. Себеп - біреу, халық саны аз. Тұрғындары аз болған соң, көгілдір отынның қызығынан құр қалып отырған - Көкжиек, Жиделі, Еспе, Құлақшын, Алайғыр, Құмөзек ауылдары.

Былтыр Мойынқұм, Еңбек, Жиенбет ауылдарына газ тартылған. Ал газ құбыры тартылып жатқан Балуан Шолақ, Бәйдібек, Бөлтірік, Далақайнар, Шоқпар, Шоқпар бекетіндегі құрылыс биыл аяқталады екен.

Сондай-ақ, Шу ауданында көгілдір отынның игілігін көрмей отырған 14 нысан бар. Былтыр 14 білім мекемесіне газға жүргізуге бюджеттен өтінім берілген. Аудан басшылары оның тоғызындағы құрылыс жұмыстарын биыл аяқтауға уәде беріп отыр. Ал Еңбекші, Жаңажол және Алға ауылдарындағы ауруханалар 2024 жылы көшіріледі екен. Осылайша, аудандағы газға қосылған әлеуметтік нысандардың саны келесі жылы ғана 100 пайызға жетпек.

А.Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!