Жамбыл облысы Жаңатас қаласында "Қазгидромет" мамандары әбден тозығы жеткен ғимаратты паналап отыр. Ал оның сыртындағы тақтайшада әлі күнге дейін "Қоршаған Ортану Қорғау Министрлігі" деген жазу тұр, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан видеоға қатысты "Қазгидромет" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова жауап берді. Оның айтуынша, ғимарат жөндеуге келмейді. Былтыр апатты деп танылған. Ал, маңдайшаны ауыстыру станция көшірілген кезде реттеледі екен.
"Комиссиялық тексеру нәтижелері бойынша 2022 жылы ақпанда оны жаңа орынға ауыстыру туралы шешім қабылданды, себебі қазіргі орналасқан жері басқару құжаттарының талаптарына сәйкес келмейді және ғимаратқа жөндеу жүргізу мүмкін емес. Жаңа блок-модуль көшіру үшін дайын, орналасу орнын растау күтіп отырмыз", - дейді "Қазгидромет" РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова.
Қазгидромет мамандарының айтуынша, жергілікті билік метеорологиялық станцияның қызметтік кеңсесі үшін жер телімін әне береміз, міне береміз деп созып келе жатқан көрінеді. Ал Жаңатас қаласының әкімі мұндай проблема жоғын, жер берілгенін айтады.
"Биыл Жаңатас қаласы аумағында орналасқан "Қазгидромет" мекемесінің атынан жер бөліп беру туралы өтініш түскен. Бұл өтінішке сәйкес қала аумағынан "Қазгидромет" мекемесіне төрт жер ұсынылды. Сол мекеменің таңдаған жері қазіргі таңда берілді", - дейді Жаңатас қаласының әкімі Дүйсенәлі Борсықов.