Жамбыл облысы әкімінің желідегі жазбасы қызу талқыға түсіп, күлкіге айналды

Жамбыл облысы әкімінің желідегі жазбасы қызу талқыға түсіп, күлкіге айналды
Фото: instagram.com/erbol_karashokeev

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің баспасөз хатшысы Жанғазы Ахмет әлеуметтік желіде қызу талқы мен әзілге айналған өңір басшысының фотосына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарашөкеев екі күн бұрын Instagram-дағы парақшасында 2025 жылды Жамбыл облысында "Кітап оқу жылы" деп белгілегені туралы жазбасын жариялады.

Әкім Жаңа жылдағы демалыста уақыт тауып, Шерхан Мұртазаның "Ай мен Айша" романын және Күләш Ахметованың "Құт" атты өлеңдер жинағын қайта оқып шыққанын жазды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Ербол Қарашөкеев (@erbol_karashokeev)

Әкім екі бірдей фотоны жүктеді.

"Облыс әкімінің пиаршыларына қошемет. Ол мейрамда екі кітап оқығанын жазған. Қандай тамаша. 1 қаңтарда тыныш қана костюм киіп, галстук тағып, кітап оқу үшін келіпті. Қол астындағылардың ешқайсын әбігерге салмаған. Олай болса, сұрақ туады: фотоларды түсірген кім?", - деп жазды қолданушылардың бірі.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы туындап отырған бір-екі сұраққа қатысты пікір білдірді.

"Облыс әкімі Жаңа жылдық демалыс күндері (1-4 қаңтар) жұмыста болғанын жеткізгім келеді. Оған облыс әкімдігінің ресми парақшаларындағы ақпараттар арқылы көз жеткізе түсесіздер. Аймақ басшысы ағымдағы жылдағы алғашқы жұмыс сапарын 3 қаңтар күні Байзақ, Меркі аудандарынан бастады.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 2025 жыл "Жұмысшы мамандықтарының жылы" деп жарияланғаны баршаңызға белгілі. Осыған орай Ербол Қарашөкеев қарапайым, тәжірибелі еңбек адамдарын мерекемен құттықтап, құрмет білдірді. Әкімнің әлеуметтік желідегі алғашқы жазбасы да сол туралы болды.

Сондай-ақ 4 қаңтар күні облыс әкімі Тараз қаласындағы жаңғыртудан өткен көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді. Ал аймақ басшысының кітап оқуға қатысты жеке жазбасы жұмыс күні (5 қаңтар) жарық көрді. Желіге жазба жариялайтын кез келген тұлға постқа негіз, көрнекілік үшін арнайы фотоға түсіп салатыны белгілі.

"Әулиеата - кітап оқитын өңір" - жамбылдықтар тарапынан қолдау тапқан игі жоба.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың "Адал адам - Адал еңбек - Адал табыс" атты үшінші отырысында: "Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы - кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек" деп баса айтқан болатын. Аталған жобаның негізі осыдан бастау алады.

Ағымдағы жылы "Жұмысшы мамандықтарының жылына" орай өңірде ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Сол секілді "Әулиеата - кітап оқитын өңір" жобасы аясында да жүйелі жоспарлар қаралған. Ел игілігіне негізделген баянды бастамаларға бірге атсалысайық!" - деп жазды Жанғазы Ахмет желідегі парақшасында.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан