- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жамбыл және Түркістан...
Жамбыл және Түркістан облыстарында жол жабылып, көліктер жүре алмай тұр: ондағы ахуал қандай?
Көлік министрлігінің ахуалдық орталығында Түркістан және Жамбыл облыстарындағы қолайсыз ауа райына байланысты жедел штаб құрылды. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі
Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі уақытта қолайсыз ауа райына, жолдың көрінбеуіне және секундына 43 метрге дейін желдің қатты екпініне байланысты Машаттан Шақпақ бабаға дейін жол жүру қиындай түсті.
"Жол қызметтері тазалау жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр, бірақ жолдың көрінбеуінен бұл қиын соғып жатыр. Жамбыл облысынан Шымкентке дейін көлік қозғалысына шектеу қойылды. Салдарынан көліктер жиналып қалған. Жергілікті органдар ТЖ қызметімен, жол полициясымен және жол қызметтерімен бірлесіп, жүргізушілер мен жолаушыларға ыстық тамақ ұйымдастырды. Шақпақ баба учаскесінде 35-ке жуық автокөлік қар құрсауынан шығарылып, жылыту пунктілеріне жіберілді. Ауа райы болжамы қолайсыз жағдайлардың келесі күні ғана аяқталатынын көрсетеді. Автокөлік жүргізушілерінің қауіпсіздігі үшін жақын маңдағы елді мекендерден, соның ішінде ірі қалалардан сапарға шығудан бас тартуды сұраймыз. Сондай-ақ, егер сіз жолда қалсаңыз және қоңырау шалу мүмкіндігі болса, 1403 нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталыққа хабарласа алатыныңызды еске саламыз", - делінген хабарламада.
Massaget.kz редакциясына оқырман жолдағы ахуалды видеоға түсіріп жіберді. Ол Шымкенттен алдыңғы күні, 12 желтоқсанда жолға шыққан. Екі күннен бері Алматыға жете алмай отыр.
Оның сөзінше, жолды тазалап жатқан техника жоқ. Ас-суын да өздері алып ішіп отыр екен.
Ол өзге де жүргізушілермен қазір жақын маңдағы дәмханалардың біріне жылыну үшін кірген. "Ертең жол ашылып, діттеген жерімізге жетсек екен" деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан