- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жамбыл Жабаевтың суреті...
Жамбыл Жабаевтың суреті Америкадан табылды
Жамбыл Жабаевың суреті Америкадан табылды. Бұл туралы ақпарат "Егемен" сайтында пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл - 1951 жылы Нью-Йорк қаласында баспадан шыққан "Кеңестер Орта Азияда" кітабы. Ұлыбританиялық зерттеуші Зелда Коутес пен Уиллиям Коутес бірлесіп жазған бұл кітап сол кездегі кеңес одағындағы республикалардың жағдайын баян етеді. Тұтас бір тарауын Қазақстанға арнаған зерттеушілер қазақ еліне келген алғашқы сәтін былай толғайды: "Ташкенттен Алматыға келгенімізде бізді жылы ауа, басын ақ қар шалған асқар тау, айбынды қала қарсы алды. Ұшақтан төмен қарап, жоталарға көз салдық, бірінен-бірі биіктеп бара жатқандай сезілді. Оларға жақындаған сайын пішінін өзгертіп, бізді баурай түсті", дей келе, Алматы қаласының арғы-бергі тарихы мен қазақ жеріне алғаш пойыз келген сәтті суреттейді. Сонымен қатар, айналасын әсем гүлдер көмкерген Алматыда 140-тан астам ағаштың түрі бар екенін де қағыс қалдырмайды. 1946 жылы қаладағы жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің саны 10 мыңға таяу екенін де жазады.
"Қазақстан Үкімет үйінде қала басшысы және өзге үкімет мүшелерімен әңгімелестік, қаланың архитекторлары да бірге отырды. Қазақ үкіметінің біз кездескен өкілдері негізінен орта жастағы кісілер екен. Олардың арасында бір ғана әйел кісі бар, оның ұлты - қазақ, он бір жастағы қызы бар, өзі әскери институтта лектор әрі Ғылым академиясында жұмыс істейді, КСРО Жоғары кеңесінің депутаты. Біз одан осыншама көп жұмысқа қалай төтеп беретінін сұрағанымызда, ол әр істі жүйелі атқарып, күн сайын өз сайлаушыларынан келген хаттармен тұрақты жұмыс істейтінін жасырмады".
Қазақстанның өндірісі, экономикасы, мал шаруашылығы, мектеп, аурухана, ғылым мен техника туралы деректер, санақтар арқылы сол кездегі ел жағдайынан хабардар етеді. "1914 жылы халықтың сауаттылық жағдайы екі пайызға да жетпейтін, елде 2000 мектеп қана бар еді, оқу жасындағы 150 000 оқушының 450-і ғана орта мектепте оқиды" деген дерек келтіреді. Бұл – халқымыздың кешегі оқу-ағарту жағдайынан мәлімет беретін ақпараттың бірі.
Ал жырау Жамбыл туралы кеңінен жазып, оның өмірі, өнерін оқырманға тәптіштеп түсіндіргісі келгендей. "Қазақ халқының Абайдан кейінгі ұлы ақыны, ол да патша шенеуніктері мен жергілікті бай-манаптардың қысымына ұшыраса да, бақытты өмір өткізді деуге болады. Жамбыл ақын дүниеге келген жылдары қазақ халқының жазба әдебиеті әлі қалыптаспаған еді. Оңтүстік Сібір мен Орта Азияны кең жайлаған қазақ халқы қысы-жазы ұланғайыр далада әрі-бері көшіп жүрді. Ол кезде қалалық өркениет пен егіншілік оларға мүлде жат болатын. Керісінше, олар алдарына үйір-үйір жылқы салып, қорасын қоймен толтырды. Әне, сондай сайын сахара төсінде олардың ауыз әдебиеті дамып, ұзақ жыр-дастандар ауыздан-ауызға тарады. Біз сөз етіп отырған – Жамбылдың суырып салма ақындық қасиеті, оны алдымен өз руының, сосын күллі қазақтың мақтанышына айналдырды, кейін Қазақстан кеңестік республика болған соң, ол КСРО ақыны ретінде кеңінен танылды".
Осы тұста авторлар Жамбыл жыраудың бұрын біз көрмеген бір суретін кітабына кірістіреді де, суреттің астына "Қазақстанның халық ақыны Жамбыл" деген түсініктеме береді. Жыраудың киіз үйінің алдында төрт жігітпен бірге домбыра шертіп отырған көрінісі даланың соңғы жырауының кескін-келбетін көз алдымызға әкелді. Журналистер бұл сурет бойынша Жамбыл атындағы музейдің қазіргі директоры, Жамбыл Жабаевтың немересі Салтанат Тезекбайқызы Жамбыловаға хабарласып, мән-жайын сұраған.
"Бұл сурет негізінен ІІ дүниежүзілік соғыстан бұрын түсірілген болуы керек, ол кісінің суреттері өте көп, бірақ мынау өзгеше сурет екен. Өйткені бұл жерде отырған кісілер де – бізге таныс адамдар. Сол жақта малдас құрып отырған кісі – Ғали Орманов, Жамбыл атамыздың әдеби хатшысы болған. Ал ақ жейделі, жерде жантайып жатқан – атамыздың аудармашысы, хатшысы Павел Николаевич Кузнецов, ар жағында отырған кісі Қадыр Хасенов. Атамыздың біраз өлеңін ұйғыр, қытай тіліне аударған. Оң жақта жантайып жатқан кісі – менің әкем Тезекбай Жамбылұлы. Ал киіз үйдің босағасында отырған – атамыздың ұлы Қожаштың қызы Ділдәхан тәтеміз. Ол кісі сексен жастан асып қайтыс болды. Біз бұл суретті көріп, қуанып қалдық. Атамыздың 1936–1945 жылдар аралығындағы суреттері бізге жеткен, ал оның алдындағы кезден 1913 жылғы бір сурет қана бар, осы жылы Романовтар әулетінің патшалық құрғанына 300 жыл толуына байланысты Жетісу өңірінен 15 ақынды ақ патшаны мақтап, өлең айтасыңдар деп шақырған екен, сондағы суреті сақталған. Мен 1981 жылдан бастап атамыздың атындағы музейде жұмыс істеп келемін, ғылыми қызметкер, қор сақтаушы болып қызмет атқардым. 2018 жылдың аяғынан бері Жамбыл атындағы музейдің директоры болып жұмыс істеймін, бұл суреттің бізде қалай сақталмай қалғанын білмеймін", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек