Алматы іргесіндегі Іргелі ауылында асфальті бар көшелер ойылып, қара жол езіліп жатыр. Жол азабын тартқан тұрғындар әкімдікке талай арыз айтқан. Бірақ, мәселе қолға алынар емес, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған қоса елді мекенге автобус жүрмейді. Ауылдағы жалғыз маршрут жекеменшікте. Оның өзі тозып тұр. Шағын көлікке адам симайды. Ал, үлкен автобустар аялдама болмаған соң тоқтамайды.
"Ересектерді айтпай ақ қоялық. Бірақ, балаларға обал болды. Қалаға барып қатынау өте қиын. Оқушылар "Алтын Ордадан" түнде жаяу келеді. Кешкі уақытта ол базардың іші өте қауіпті. Небір, адамдар жүреді ол жерде. Кейде балалар "Асыл Арман" тұрғын үй кешенінен бір шақырым жаяу жүріп әрең дегенде жетеді үйлеріне", - дейді ауыл тұрғыны Қатира Жүнісова
Бұл мәселені ауыл әкімдігінің өкілдері білмейтін сыңай танытты. Бас маман халық пікірін тыңдап, ұсыныстарын жазып алды.
"Ауылға автобус қатынмай жатқаны рас. Бұл мәселе бойынша Алматы қалалық мобильді басқармасына хабарласып, мән-жайды түсіндіреміз. Қосымша маршрут жүргізуін сұраймыз. Жалпы, бұл бағытта 5 маршрут бар. Оларды Іргеліге кіргізуді қарастырып көреміз", - дейді Іргелі ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Аркен Кенжебай
Ауылдағы және бір өзекті мәселе - көркі қашқан көшелер мен тозығы жеткен жолдар өте көп. Қонаев, Сапаралы көшелерінің ойылып жатқанына бірнеше жыл болды. Бұл көшелермен ірі жүк көліктері күнде жүреді.
"Әкімдіктегілер жыл сайын көшелерді жөндейміз деп уәде береді. Балаларымыз мектепке таза жолмен барып қайтса дейміз. Бізге жыртығы жамалған көше емес, асфальт төселген дұрыс жол керек", - дейді жергілікті тұрғындар.
Ал, әкімдік өкілінің айтуынша аталған көшелер екі жыл бұрын жөнделіпті. Бірақ, жұмыс сапасы нашар болды ма ойылып, қара асфальті үгітіліп кеткен. Биыл орталық көшенің ұңқыр - шұңқыры тағы да жамалады. Күрделі жөндеу қарастырылмаған екен.
Саламат Сабыр
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!