“Жамағаттың кейпін жамылған“. Астана тұрғыны мешітте өзгенің қымбат күртесін ұрлап кетті

Астанада мешіттегі ұрлық әшкереленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астанадағы мешіттердің бірінде тіркелген ұрлық фактісі бойынша полицияға шағым түсті. Жергілікті тұрғын өзінің қымбат тонының ұрланғанын хабарлаған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларын мұқият зерделеп, күдіктіні анықтады. 22 жастағы тұрғын Iceberg қымбат тонын ұрлады деген күдікке ілікті.

Тергеу барысында белгілі болғандай, күдікті мешітке жамағаттың кейпін жамылып, намазға жығылуға кеткен азаматтың күртесін киіп, сыртқа шығып кеткен. Осылайша, ол қала тұрғынына 400 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірді.

Полиция қызметкерлерінің жұмысы нәтижесінде күдікті қылмысын мойындап, ұрланған киімді иесіне қайтарып берді. Қазіргі уақытта ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар күдіктінің осыған ұқсас тағы екі қылмысқа қатысы бары анықталды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!