- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жалпыға бірдей декларация:...
Жалпыға бірдей декларация: шетелдерде оны кімдер тапсырады?
Бүгінде жаппай декларация тапсыру - қызу талқыға түсіп жатқан өзекті мәселенің бірі. Елде декларация тапсыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатыр. Шет елдерде жалпыға бірдей декларация бар ма? Massaget.kz тілшісі шолу жасап көрді.
АҚШ
Елдің жоғары басшыларының декларация тапсыру идеясы алғаш осы елде пайда болған. Яғни әңгіме елдің екі палатасындағы депутаттар, президент пен өзге де шенеуніктерге қатысты. Елді президент Линдон Джонсон басқарып тұрған кезде 1965 жылы алғаш рет жоғары федералды шенеуніктер өздерінің кірістері туралы салық органдарына есеп беруі керек еді.
Артынша декларациялау практикасы кеңейтіліп, жетілдіріліп, 1977 жылы Конгресс Сенаты мүшелерінің этикалық мінез-құлық кодексі және Өкілдер палатасы мүшелерінің этикалық мінез-құлық кодексі қабылданды. Оған сәйкес сенаторлар, Сенатқа кандидаттар, Өкілдер Палатасының мүшелері және басқа да бірқатар шенеунік өздерінің мүліктері туралы декларация тапсыруға міндеттелді.
АҚШ-та бұл жүйе 1978 жылдан нақты жұмыс істей бастады. Сол уақыттан бері федералды деңгейдегі шенеуніктер өздерінің кірістері туралы есептерді жариялауға міндетті.
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Ұлыбритания
Ұлыбритания кірістерді декларациялауды АҚШ-пен шамалас уақытта, 1974 жылы бастаған. Ол кезде Қаржылық мүдделер тізілімі құрастырылып, Қауымдар палаталары "қаржылық мүдделер" деп аталатын құжатты декларациялауы керек еді. Бұл қызығушылықтардың тізімі бірнеше рет толықтырылып, нақтыланды. Атап айтқанда, 1996, 2002 және 2005 жылдары түрлі өзгерістер енгізіліп тұрды.
Ұлыбританияда декларация тапсыру жүйесі жемқорлықпен күрес емес, мемлекеттік сектордағы этикалық стандарттар саясатының бөлігі болып саналады. Сондықтан декларация тапсырмағандарға қылмыстық жауапкершілік көзделмеген. Дегенмен жалтарған шенеунікке жаза бар: мұндай шенеуніктерге мемлекет жалақы төлемей қоюы мүмкін.
Көрнекі сурет: kaluga.online
Германия
Германияда жалақыдан бөлек қосымша табысы бар салық төлеушілердің бәрі декларация тапсыруға міндетті. Егер негізгі жұмыс орнынан жалақы ғана алып отырса ешкім декларация тапсырмайды.
Дания, Финляндия және Швецияда шенеуніктер мүлкін өз еркімен декларациялайды. Осы елдерде халыққа билікке деген сенімі жоғары және жемқорлық аз екенін атап өтейік.
Айта кетейік, Дүниежүзілік банк мәліметінше, декларация тапсыру 150 елде қарастырылған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина