Танымал әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тамара Асар осыдан бірнеше жыл бұрын Ақордада Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу кезінде неліктен жылағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы ол DIN DINA SHOW бағдарламасына берген сұхбатында бөлісті.
Тамара Асар 2017 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелдер қауымы өкілдерімен өткізген "Көктем шуағы" атты кездесуінде неліктен көз жасына ерік бергені жайлы әңгімелеп берді. Оның сөзінше, ол Назарбаевтың көзінен "жалғыздықты сезген".
"Нұрсұлтан Әбішұлы ана туралы өлең оқыды. Бәріміздің ойымызға анамыз келді. Мен анамды өте қатты жақсы көремін. Сырласамын. Маған тұжырымдап сөз айтатын. Әкем өте қатты еркелетіп өсірді. Ал анам үнемі тоқтау қойып отыратын. Ол кездесуде жылағанымның себебі - ол кісінің жалғыздығын сездім. Біз емес, бірінші еңкілдеп, ол кісі (Назарбаев - ред.) жылады ғой. Содан кейін соған қарап біз де жыладық. Видеода ол кісінің көз жасына ерік бергенін қиып тастап, бізді қалдырған. Ол ана туралы айтып отырды. Көзінің жасы пора болып аққан кезде, біз де қосылып жыладық. Ол кісінің жалғыздығы көрініп тұрды", - деді Дина Төлепбергенге берген жауабында.
Кездесуден кейін желіде тараған видеоға көпшілік түрліше пікір білдірген еді. Бірі оны жағымпаздыққа баласа, енді бірі Тамара Асардың анасымен қарым-қатынасы жайлы алып-қашпа әңгімелер таратқан еді.
Тамара Асар - қазақтың танымал әншісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Ол Қазақстанның эстрадалық өнерінде ерекше дауысы және сахнадағы өзіндік стилімен танымал тұлға. Тамара Асар халық әндерін, заманауи эстрадалық шығармаларды орындаумен қатар, ұлттық музыкалық мұраның дәріптеуші әртіс ретінде халықтың сүйіктісіне айналды.
Еске салайық, экс-президент аталмыш іс-шарада елге еңбегі сіңген әйелдерді марапаттап, 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтаған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!