“Жалғыз өзі тірі қалған“. Ұшақ апатынан аман қалғандардың шынайы оқиғалары

Ұшақ апатынан аман қалу мүмкіндігі аз, бірақ нөлге тең емес. Massaget.kz тілшісі әуе апаттары кезінде бір адам аман қалған ерекше оқиғаларды ұсынады.

Весна Вулович

1972 жылы 26 қаңтарда Чехословакия мен Шығыс Германия шекарасында югославиялық McDonnell Douglas DC-9-32 әуе лайнері жарылды. Ұшақтың бортында 28 адам болды.

Апаттан бір ғана қыз - 22 жастағы сербиялық стюардесса Весна Вулович аман қалды. Қыз 10 километрден астам биіктіктен құлаған. Ол тіпті парашютсіз осындай биіктіктен құлап, аман қалған жалғыз адам ретінде Гиннестің рекордтар кітабына кірді.

Весна Вуловичті орманшы тауып алды. Қыздың жолы болды, себебі орманшы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде дәрігер болып жұмыс істеген, сондықтан ол қызға алғашқы медициналық көмек көрсете алды.

h-i.su

Весна құлау кезінде ауыр жарақат алды, соның ішінде бас сүйек ішінде қан кеткен, жамбасы мен бірнеше омыртқалары сынған. Біраз уақыт бойы қыз белінен төмен сал болып, комадан аман қалды. Ұзақ уақыт бойы Весна есте сақтау қабілетінен зардап шекті. Апаттан кейін оны қалпына келтіру үшін 16 ай қажет болды. Вулович жүруді қайта үйренуге мәжбүр болды және өмірінің соңына дейін ол ақсап жүрді. Сонымен қатар ұшақ апатының салдарынан Вуловичте жатырдан тыс жүктілік болды және түсік тастады, кейінірек дәрігерлер оған бедеулік диагнозын қойды. Ұшақ апатынан кейін қыз стюардесса қызметін жалғастырғысы келді, бірақ авиакомпания оны кеңсеге жұмысқа орналастырды.

Лариса Савицкая

1981 жылы 24 тамызда Ан-24РВ ұшағы Комсомольск-на-Амурдан Благовещенск қаласына ұшты. Бес шақырым биіктікте ол Ту-16К бомбалаушысына тап болды. Борттағы 38 адамның ішінен тек 20 жастағы Лариса Савицкая аман қалды.

Студент күйеуімен бірге үйлену сапарынан үйлеріне оралып келе жатқан. Қыз оянғаннан кейін жақын жерде қайтыс болған күйеуінің жатқанын көрген. Құтқарушылар Ларисаны апаттан кейін екі күн өткен соң ғана тапты. Дәрігерлер Савицкаяға мидың шайқалуы, омыртқаның бес жерден жарақаттануы, қол мен қабырғаның сынуы диагнозын қойды. Сонымен қатар қыз барлық тістерін жоғалтты.

РИА Новости

Лариса Гиннестің рекордтар кітабының ресейлік басылымына бірден екі рекордпен енді: ең жоғары биіктіктен құлағаннан кейін аман қалған адам ретінде және ұшақ апатынан аман қалған және ең аз өтемақы алған адам ретінде - небәрі 75 рубль.

Байя Бакари

13 жастағы француз қыз - 2009 жылы Комор маңындағы ұшақ апатынан аман қалған жалғыз адам. 2009 жылы 30 маусымда Байя анасымен бірге Airbus A310 ұшағымен ата-әжесіне ұшып бара жатқан. Ұшақ қонуға бірнеше минут қалғанда Үнді мұхитына құлады. Апат кезінде Байя ұйықтап жатқан, оның ойынша, ол қандай да бір жолмен иллюминатордан құлап кетті.

Газеттер оның акулалары бар Мозамбик бұғазында 12-ден 14 сағатқа дейін болғанын жазды, Байяның өзі өмірбаянында ол жерде 9 сағаттан артық болмағанын айтады. Бакариді балықшы құтқарып, оны Комор ауруханасына апарған.

East News

Одан басқа бортта 152 адам болған - ешкім аман қалған жоқ. Ол жайлы Стивен Спилберг фильм түсіргісі келді, бірақ Бакари бас тартты.

Рубен ван Ассув

2010 жылы 12 мамырда Afriqiyah Airways ұшағы қону кезінде құлады. Жалпы бортта 104 жолаушы болған. Апаттан 9 жастағы бала ғана аман қалды. Апатқа ұшыраған ұшақтың бортында 10 елдің жолаушылары болды.

Рубен отбасымен бірге Оңтүстік Африкаға саяхаттап бара жатқан. Бұл апаттан баланың әкесі, анасы және ағасы қаза тапты. Рубен бірден есінен танып қалды. Ол екі аяғын сындырып алды, бірақ операциядан кейін оларды қалпына келтірді. Ол қазір Нидерландыда тәтесімен және ағасымен бірге тұрады.

Тергеу барысында ұшақ қонайын деп жатқанда қалың тұманға байланысты ештеңе көрінбегені анықталды. Экипаж автопилотты ажыратып, қолмен қонуға тырысқан, бірақ содан кейін екінші айналымға шығу туралы шешім қабылдап, автопилотты қайта қосқан, бірақ бұл шешімді ұшқыштар тым кеш қабылдады.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15.55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!