- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жалғыз қалдым". Есімін...
"Жалғыз қалдым". Есімін өзгерткен неміс ұлтының өкілі Қазақстанға келіп өмірі қалай өзгергенін айтып берді
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде туған елінен жырақтап, Қазақстанға келген, бүгінде жасы 80-ге таяған қарағандылық кейуана Разия Асанова қазақ тілін қалай меңгергенін айтып, өткен күндері туралы еске алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Эльза Петровнаның қазақша есімі - Разия Асанова. Ол - екінші дүниежүзілік соғыста туған жерінен кетуге мәжбүр болған жандардың бірі. Небәрі бес жасында Германиядан Қазақстанға жер аударылған ол ата-анасынан ерте айырылып, өзіне беймәлім жерде жаңа өмір бастаған.
"2-3 күн бойы жүріп келдік. Қатты ауырғасын мені Петропавлға тастап, әрі қарай кетіп қалды. Қалған қасымдағылардың бәрі кетті. Жалғыз қалдым. Сол қалада ем алдым", - дейді қайсар мінезді Разия Асанова.
Петропавлда бір жыл ем алған ол сол жердегі медбикемен бірге Қарағандыдағы балалар үйіне келеді. Жат жерде өзін жоғалтып алмауы үшін сол елге бейімделу керек екенін түсінген Эльза қазақ тілін небәрі 3 аптада үйреніп алған. Жастайынан еңбекке құштар, кез келген істі дөңгелетіп әкететін қыздың жігері бәрін таңдай қақтырған.
"Бектеміс деген бригадир жұмысқа шақырып қоймады. Сиыр сауып үйретті. Солай 5 сиыр сауып жүріп, сауыншы болып кеттім", - дейді Разия Асанова.
Осылайша, Эльза 19 жасында Төлеу атты азаматқа тұрмысқа шыққан. Көкмөлдір жеріне келін болып түскен соң Ислам дінін қабылдап, атасының атына өтеді.
Разия Асанова ретінде жаңа өмірін бастаған ол 5 бала дүниеге әкелген. Оның жолдасы жеті жыл өткен соң 36 жасында қайтыс болған. Ал Разия апа мойымай, балаларын жеткізудің жолын іздеген. Бұл іс оның қолынан келген. Қазір балалары - бір-бір маман иесі. Оның бүгінде сегіз немересі, он сегіз шөбересі бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова