- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жалған түбіртек жасаған"....
"Жалған түбіртек жасаған". Кәсіпкерге 7,5 миллион теңге шығын келтірген алаяқ ұсталды
Қызылорда облысының полицейлері кәсіпкерге 7,5 миллион теңге көлемінде шығын келтірген алаяқты ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомство мәліметінше, 14 қаңтарда Қызылорда Полиция басқармасына ірі сауда үйі иесі арызданған. Былтыр 22 қарашада әйел WhatsApp арқылы онлайн түрде 514 мың теңгеге әйелдердің сырт киімдеріне тапсырыс беріп, такси арқылы алған. Одан кейін де ол бұл ойын іске асыру мақсатында басқа номер арқылы тапсырыс қабылдаушыға бірнеше жалған түбіртек жіберіп, Шымкентке заттарын салдырып отырған. Бірақ ешқандай қаражат аударылмаған.
Тапсырыс қабылдаушы сатып алушы әйелдің әрекеті күдік туғызғандықтан және тексеру барысында оның "салған аударымы" есепшотына түспегендіктен, дереу Қызылорда Полиция басқармасына келіп, көмек сұраған. Бұл оқиға бойынша қылмысты ашу барысында басқарма қызметкерлері іздестіру үшін күдіктінің тапсырыс берген киімдерін апарып, тексеру мақсатында Шымкентке барған. Ал ұсталған 34 жастағы әйел өз кінәсін толық мойындаған.
Ол Telegram арқылы жүктеп алған "Фейковые чеки" қосымшасын қолданып, жалған түбіртекпен жәбірленушіге 7,5 миллион теңге сомасында залал келтірген. Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова