Премьер-министр Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа тапсырма берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет отырысында премьер-министр отандық өндірушілер тізбесіне іріктеу қалай жүргізілетінін сұрады.
"Сіз баяндамаңызда бірыңғай реестр туралы айттыңыз. Оған іріктеу үрдісі қалай жүреді?", - деді Олжас Бектенов министрге.
Қанат Шарлапаев бұл мәселеде цифрлық құралдарға басымдық берілетінін атап өтті.
"Ең алдымен Қаржы министрлігінде, Цифрлық даму министрлігінде бүкіл кәсіпорын туралы толық ақпарат бар. Осы ақпаратты пайдаланып, біз шынайы өндірушілерді анықтаймыз. Мысалы, кәсіпорынның қуаттылығы, қызметкерлердің саны туралы және басқа да ақпараттарды жинап, шынайы өндірушілерді іріктейміз", - деді ведомство басшысы.
Оның сөзіне сенсек, аталған тізбеге ену үшін көптеген дерек тексеріледі.
"Екіншіден, локализация деңгейін тексереміз, яғни өндірушілер Қазақстанның шикізатын пайдаланып отыр ма, басқа отандық кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істей ме? Осыған да мән береміз", - деді Қанат Шарлапаев.
Үкімет басшысы министрге жалған өндірушілерді отандық өндірушілер тізбесіне енгізбеуді тапсырды.
"Жалған өндірушілер мәселесі өте өзекті. Біз мұндай мәселе барын білеміз. Олар осы реестрге кірмеуі керек", - деді Олжас Бектенов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз