Киберқылмыскерлер Қазақстанның Ұлттық банкінің фирмалық бланкісін пайдалана отырып, жалған құжаттар жібере бастады. ҚҰБ өзінің ресми сайтында алаяқтық хабарламалар туралы ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
"Қаскөйлер Ұлттық банк атынан жіберген жалған хаттарында олардың алаяқтардың құрбаны болғанын хабарлайды. Сөйтіп, алаяқтардан ақшаны қауіпсіз түрде қайтару үшін және "клиринг процедурасынан өтуге байланысты қаржы міндеттемелерін" өтеу үшін ақша аудару керек екенін айтады. ҚҰБ жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, қаржы құралдарын сақтандырмайтынын және халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын еске саламыз. Интернет-алаяқтары мұндай хабарламаларды WhatsApp мобильді қосымшасы, электрондық пошта және әлеуметтік желілер арқылы таратады", - делінген Қазақстанның Ұлттық банкінің хабарламасында.
Ұлттық банк азаматтарды сақ болуға, күмәнді шоттарға ақша аудармауға, жалған хабарламалар мен тексерілмеген құжаттарға сенбеуге шақырады.
Кеңес алу үшін ҚҰБ-тың байланыс орталығына 1477 нөмірі арқылы хабарласуға болады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!