- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жалған есеп беретін...
Жалған есеп беретін шенеуніктерді жауапқа тарту ұсынылды
Мәжілістегі Respubliса фракциясының депутаттары жалған есеп беретін шенеуніктерді жауапқа күшейтуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттық сауал премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолданды.
"Статистикаға қарасақ, әрбір қазақстандыққа, оның ішінде нәресте балаларды есепке алғанда, әр күн сайын жарты келі картоп тұтыну керек екенін білесіз бе? Ал бұл салыстырмалы түрде картоптың отаны Беларусь елінен бірнеше есе көп деген сөз.
Мен статистикаға бекер сүйеніп отырған жоқпын. Ашығын айтсақ, еліміз картопты 2 есе аз өндіреді. Дәл осындай жағдай басқа да салада кездеседі. Бұл ресми статистика мен шынайы өмірдің сәйкес емес екенінің анық мысалы. Салалық одақтардың бағалауына сәйкес бидайға қатысты берілген есеп 3 млн тоннаға артық. Бәріміз білеміз, 2021 жылы Маңғыстаудан бастап бүкіл оңтүстік батыс өңірлерде қуаңшылық болды. Сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі ауыр жағдайға қарамастан 20,1 млн тонна астық жиналғанын сүйінші сұрап жеткізгені есімізде. Жекелеген аймақтарда мал басын санағанда, 40 пайыз сәйкеспейтіні көрінді", - деді депутат Айдарбек Қожаназаров.
Оның пікірінше, жалған есеп елімізге қауіп төндіреді.
"Осындай өтірік кімге, не үшін керек?! Жалған есептер еліміздің ауыл шаруашылығы саласын құрдымға жібермей ме?! Барлық деңгейдегі әкімдіктер, орталық мемлекеттік органдар жалған мәлімет беруді әбден үйреніп алды. Былай айтқанда, жеке қосалқы шаруашылықтардың көрсеткіштерін өз бетінше еселеп, статистиканы түрлендіре береді. Ал бұл үшін жауапкершілік мүлдем қарастырылмаған. "Елді жаман әкім тоздырады, жақсы әкім оздырады" деген халық даналығы бар. Әрине, әкімдердің арасында бәсеке болғаны жақсы. Бірақ әкімдер нақты атқарылған іспен, нәтижемен жарысып жатса, онда оны құптауға болады. Ал ойдан шығарған сандармен арзан ұпай жинау елге қажет емес. Мұның зиянын бюджетті жоспарлау кезінде көріп отырмыз. Нарықты реттегенде қате шешімдер қабылданады. Бәрін былай қойғанда, бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін тас-талқанын шығаратынын баса айтқым келеді", - деді Мәжілістегі Respubliса фракциясының төрағасы.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz