Фейк таратқан 5 құқықбұзушылық тіркеліп, 2 блогер жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстанда жалған ақпарат таратқан блогерлерге айыппұл салына бастады.
Биыл күзде "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" заңның қабылданғанына бір жыл болды. Заң бойынша жалған ақпарат таратқаны үшін онлайн платформа қолданушыларын әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген.
Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (БП ҚСжАЕК) есептерінен алынған деректер бойынша, биыл қаңтар-шілде айларында ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша ("Жалған ақпаратты орналастыру, тарату") 77 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.
Тіркелген құқықбұзушылықтардың көп бөлігін (67) онлайн-платформа пайдаланушылары жасаған. Олар жаңалықтарға комментарий ретінде немесе посттарында қоғамдық тәртіпті, азаматтардың құқығы мен заңды мүддесін бұзатын ақпаратты орналастырған.
Блогерлер таратқан "фейктер" бойынша 5 құқықбұзушылық тіркеліп, 2 адам жауапқа тартылған.
Тіркелген құқықбұзушылықтардың жартысынан азын (30) Мәдениет және ақпарат министрлігі қарады, тағы 38-і сотқа жетті. 50 адам жауапкершілікке тартылды. Олар айыппұл төлейді.
Осы бап бойынша 7 ай ішінде өндіріп алынған қаражаттың жалпы сомасы 2,8 млн теңге болды.
Еске салайық, әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқаны үшін немесе фейк аралас комментарий жазғаны үшін төленетін айыппұл сомасы 20 АЕК немесе 73,8 мың теңге.
ӘҚБтК бойынша блогерлер үшін айыппұл мөлшері сәл жоғары - 30 АЕК немесе 110,8 мың теңге.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!